14 қараша күні «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институтында білім басқармасының Әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Қысқа мерзімді жоспарды жазу талаптары және оны тиімді ұйымдастыру жолдары» атты кеңейтілген әдістемелік кеңес өтті. Офлайн және онлайн форматтарды қамтыған жиынға қаладағы білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары, педагогтері мен әдіскерлері қатысып, жалпы саны 260-тан асты.
Кеңестің негізгі мақсаты – нормативтік-құқықтық құжаттар негізінде мұғалімнің күнделікті жұмысын айқындайтын міндетті құжаттармен дұрыс жұмыс жүргізу, қысқа мерзімді жоспардың (ҚМЖ) құрылымына қойылатын талаптарды нақты түсіндіру және оны тиімді ұйымдастыру жолдарын көрсету болды. ҚМЖ – сабақ үдерісінің мазмұнын айқындайтын маңызды құжаттардың бірі болғандықтан, оның сапалы әзірленуі оқу нәтижесіне тікелей әсер ететіні атап өтілді.
Жиын барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің №130 бұйрығында көрсетілген негізгі талаптар түсіндіріліп, қысқа мерзімді жоспарды құрастырудағы мазмұндық және әдістемелік ерекшеліктер ұсынылды. Сонымен қатар педагогтер «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасындағы құндылықтарды пәндік жоспарлауға кіріктіру жолдарымен танысты. Құндылыққа негізделген білім беру тәсілдерін сабақ мақсаты, күтілетін нәтижелер және оқу тапсырмаларымен байланыстыру үлгілері көрсетілді.
Кеңеске қатысқан тәжірибелі әдіскерлер мен мамандар мұғалімдерге ҚМЖ әзірлеу барысында оқу мақсаттарын айқындаудың, сабақ құрылымын жүйелеудің, оқыту әдістерін дұрыс таңдаудың, оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескерудің маңызын түсіндірді. Сондай-ақ сабақта қолданылатын ресурстардың тиімділігі, бағалау критерийлерін нақты құру және оқу әрекеттерінің бірізділігін сақтау туралы ұсынымдар берілді.
Жиын соңында қатысушылар педагогтің кәсіби жауапкершілігін күшейту, жоспарлау сапасын арттыру және оқу процесін тиімді ұйымдастыру мәселелеріне қатысты сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты. Әдістемелік кеңес мұғалімдердің құзыреттілігін дамытуға, бірізді жоспарлау тәжірибесін қалыптастыруға және сапалы білім беру үдерісін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шара ретінде бағаланды.
