2025-12-31 23:38:44
2.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: Білім бәйгесіне жол тартқан жас зияткерлер

2025 жылдың 17–21 қараша күндері елордасы Астана қаласында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша 11–12 сынып оқушыларына арналған XVIIІ Президенттік олимпиаданың қорытынды республикалық кезеңі өтеді. Бұл – республикадағы ең беделді интеллектуалдық жарыстардың бірі. Олимпиада жыл сайын мыңдаған жас өреннің білімін саралап, үздіктерін анықтайтын зияткерлік дода ретінде қалыптасқан.

Игі дәстүрге айналған білім бәйгесінде Шымкент қаласының намысын биыл 10 дарынды оқушы қорғамақ. Олар бірнеше айға созылған қала және облыс деңгейіндегі іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, республикалық турға жолдама алған үздіктер қатарында. Әрқайсысы – өз мектебінің мақтанышы, пәндік олимпиадаларда тәжірибесі бар, білім мен ынта-жігері жоғары жас зияткерлер.

Шымкент қаласының олимпиадалық командасы төмендегідей оқушылардан құралды:

  • Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты: Абдыбек Бақберген, Манат Дінмұхамед
  • №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернаты: Сәрсенбек Рамазан
  • М.Тасова атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернаты: Мүтәлі Жансерік
  • М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназия: Ақжігіт Айша
  • №90 дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия: Мауленов Байназар
  • З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейі: Абдыхалық Мақсат
  • С.Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта мектеп: Мұрат Аделя
  • №137 жалпы орта мектеп: Боранбай Мирас
  • Alan International School: Абилдаева Аяулым

Оқушыларды республикалық кезеңге дайындау үшін қала мектептерінде пән мұғалімдерімен жоспарлы, мақсатты жұмыстар жүргізілді. Әрбір қатысушыға жеке оқу бағдарламасы жасалып, күрделі есептерді шешу, ғылыми талдау жасау, уақытты тиімді пайдалану дағдылары бекітіле түсті.

Бұған қоса, Шымкент қаласы білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» 6–15 қараша аралығында «EdLight Academy» орталығының олимпиадалық тренерлерімен бірлесіп, арнайы интенсивті онлайн оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырды. Жиынға республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары, ғылыми жобалар конкурстарының финалистері қатысып, физика, математика, химия және биология пәндерінен тереңдетілген дәрістер өткізді. Бұл тәжірибелі мамандардың әдістемесі оқушылар үшін үлкен қолдау болып, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсті.

Бүгін Шымкенттің жас зияткерлері жауапты білім сайысы өтетін Астана қаласына жолға шықты. Оқушылардың бойынан толқу мен қуаныш қатар сезіледі. Олар үшін бұл дода – жаңа белес, жаңа тәжірибе, үлкен мүмкіндіктер алаңы.

Шымкент қаласының білім беру қауымдастығы жас өрендердің сенім үдесінен шығып, жоғары нәтиже көрсететініне зор үміт артып отыр.

Оқушыларымызға сәттілік, жарқын жеңіс және мол табыс тілейміз! Шымкенттің намысын абыроймен қорғаңыздар!

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР