
Шымкент қаласындағы №141 жалпы орта білім беру мектебінде «Менторлық мектеп» жобасы аясында тәжірибелік семинар ұйымдастырылып, білім беру саласының кәсіби мамандары бас қосты. Семинарға әдіскерлер, келешек мектептерінің басшылары, директордың әдістеме ісі жөніндегі орынбасарлары, сондай-ақ келешек мектептеріне бекітілген тәлімгер мектептердің директор орынбасарлары және ДББҰ НЗМ ПШО-ның аға менеджері қатысты. Жалпы 35 қатысушы шараға қамтылып, білім беру ұйымдарын басқару тәжірибесін жетілдіруге бағытталған мазмұнды ақпарат алды.
Семинардың басты мақсаты – білім беру ұйымдарының жаңадан тағайындалған директорларына кәсіби менеджменттік басқару бағытында әдістемелік және тәлімгерлік қолдау көрсету. Қатысушыларға мектеп басқаруындағы стратегиялық құжаттардың мәні мен рөлі, сондай-ақ даму жоспарын құру және тиімді жүзеге асыру жолдары түсіндірілді.
ДББҰ НЗМ ПШО аға менеджері А. Балтабекова «Даму жоспары – мектептегі өзгерістің басты бағыты» тақырыбында сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол қатысушыларға даму жоспарын құру алгоритмі, оны жүзеге асыру жолдары және тиімді талдау жүргізу әдістерін жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, мектептің негізгі стратегиялық құжаты болып табылатын «Даму жоспарының» мазмұны мен құрылымына назар аударды, оның әрбір бөлігінің мектептің білім беру сапасын арттырудағы рөлін нақты мысалдармен көрсетті.
Семинар барысында қатысушылар тек теориялық біліммен шектелмей, практикалық дағдыларды да меңгерді. Олар даму жоспарын нақты мысалдар арқылы талдап, оның әрбір кезеңін жүзеге асырудағы қиындықтар мен шешім жолдарын қарастырды. Қатысушылар пікір алмасу барысында өз тәжірибелерін бөлісіп, жаңа директорлар үшін тиімді менеджменттік тәсілдерді талқылады.
Мектептің даму жоспары – тек формальды құжат қана емес, ол мектептің стратегиялық бағытын айқындайтын негізгі құрал. Даму жоспары арқылы мектеп басшылығы оқу процесін жетілдіру, педагогикалық ұжымның кәсіби дамуын қолдау, білім беру сапасын арттыру және оқушылардың дамуына жағдай жасау сияқты маңызды міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыра алады.
Семинардың қорытындысы бойынша қатысушылар даму жоспарының құрылымын терең түсініп, оны өз мектептерінде тиімді қолдануға дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар, әдістемелік және тәлімгерлік қолдаудың арқасында жаңа тағайындалған директорлар өз қызметінде стратегиялық мақсаттарға жетуде сенімділік пен бағыт алды.
№141 мектеп базасында өткен семинар – мектеп басшыларын дамытуға бағытталған маңызды іс-шара болып, білім беру ұйымдарының менеджменттік қабілетін арттыруға нақты үлес қосты. Даму жоспарын дұрыс құру және жүзеге асыру арқылы әрбір мектеп өз оқушыларының білім сапасын жоғарылатып, педагогтердің кәсіби дамуына серпін бере алады.
