2025-11-26 11:23:26
7.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент – кітап оқитын қала: мегаполистен 66 мыңнан астам тұрғын ұлттық жобаға қатысуға өтінім берді

Қазақстанда оқу мәдениетін жаңғыртуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы қарқын алып келеді. Бір ай ішінде еліміздің үш аймағынан 189 мыңнан астам азамат қатысуға өтінім берген. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың III отырысында жариялаған тұжырымдамасына сай жүзеге асып, Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына шығаруды көздейді.

Өтінім берген аймақтардың ішінде Шымкент ерекше белсенділік танытты. Қала бойынша 66 502 тұрғын жобаға қатысуға тіркелген, бұл көрсеткіш республикалық деңгейдегі ең жоғары нәтижелердің бірі болып отыр. Қатысушылардың қатарында оқушылар, педагогтер, мемлекеттік қызметкерлер, шығармашылықпен айналысатын отбасылар, сондай-ақ колледж және ЖОО студенттері бар.

Жалпы көрсеткіштерге сүйенсек, үш аймақтағы өтінім берушілердің құрамы былайша бөлінеді:
— 6–10 сынып арасындағы 87 157 оқушы;
— 14 049 педагог;
— 2 388 жергілікті деңгейдегі мемлекеттік қызметкер;
— 36 553 отбасы;
— 29 085 студент.

Шымкенттік білім беру ұйымдары бұл жобаны рухани даму мен сыни ойлау мәдениетін қалыптастыруда маңызды құрал ретінде бағалап отыр. Қалалық педагогтер жоба арқылы балалардың кітапқа қызығушылығы артып, отбасы ішінде оқу дәстүрі күшейетінін айтады.

Жобаның мәні – тек кітап оқу емес

Жоба кітап оқуды кеңінен насихаттаумен шектелмейді. Оның түпкі мақсаты – ел азаматтарын зияткерлік тұрғыда дамыту, білімге құштарлықты күшейту, кітап арқылы өзін-өзі жетілдіру дағдыларын қалыптастыру.

Осының негізінде қатысушылар алты негізгі санат бойынша сынға түседі:
«Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер».

Әр қатысушы бекітілген тізімдегі 15 кітапты оқу міндетіне ие. Бұл тізімге ұлттық әдеби мұралардың таңдаулы туындылары, әлемдік әдебиеттің үздік шығармалары және заманауи бестселлерлер кірген. Тізімдер жас ерекшелігі мен қызығушылыққа қарай сараланып, патриотизм, жауапкершілік, сыни ойлау сияқты құндылықтарға басымдық берілген.

Жобаға қатысушылардың пікірлері

Қостанайлық 10-сынып оқушысы, жоба қатысушысы Анель Рагимова кітап оқу оның өмірінің маңызды бөлігі екенін айтады:
«Айына кем дегенде екі-үш кітап оқимын. Бұл жоба бізге үлкен мүмкіндік береді. Келесі кезеңде жеңімпаз болуға тырысамын», – дейді ол.

Ал жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбеков бастаманың ел үшін маңызын ерекше атап өтті:
«Біз ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізгенде азаматтар тек оң пікір білдірді. Жоба тек жарыс емес, оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін ұлттық қозғалысқа айналуда», – деді ол.

Шымкенттегі қолдау және алдағы жоспарлар

Жоба Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, жергілікті білім басқармасы арқылы кеңінен насихатталуда. Қала мектептері мен жоғары оқу орындарында арнайы кездесулер, буккроссинг аймақтары, оқу клубтары мен авторлық кездесулер ұйымдастырылуда.

Бас демеуші – Alageum Electric компаниясы.
Байқаудың финалдық нәтижелері 2026 жылдың сәуір айында жарияланады.

«Кітап оқитын ұлт» жобасына Шымкенттің белсенді қатысуы – қаланың интеллектуалдық әлеуетінің артып келе жатқанын, жаңа буынның оқу мәдениетіне бет бұрғанын айғақтайды. Бұл бастама мегаполистің рухани дамуына жаңа серпін беріп отыр.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР