2025-11-20 12:23:00
9.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМКЕНТТЕ «МАРАЛТАЙ ОҚУЛАРЫНЫҢ» ҚАЛАЛЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТТІ


Шымкент қаласында қазақ поэзиясының заманауи өкілі, көрнекті ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылығын дәріптеуге арналған маңызды мәдени шара өтті. №132 жалпы орта білім беретін мектеп базасында ұйымдастырылған «Маралтай оқулары» республикалық шығармашылық байқауының қалалық кезеңі жас оқырмандар мен жас ақындардың басын қосты.

Байқаудың негізгі мақсаты – ақын шығармаларын жас буынға таныту, көркемсөз оқу мәдениетін қалыптастыру және жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету. Бұл — оқушының әдебиетке деген қызығушылығын арттыратын, рухани дүниесін байытатын тағылымды шара.

Биылғы байқауға Шымкент қаласындағы 77 білім беру ұйымынан 124 оқушы қатысып, өз өнерін көпшілікке ұсынды.

Екі негізгі номинация бойынша сайыс өтті:

  • «Тарпаң мінезді Маралтай» – ақын өлеңдерін жатқа, көркем мәнермен оқу;
  • «Жас ғасыр, жаңа замана» – жас ақындар мүшәйрасы, яғни авторлық өлеңдер байқауы.

Бұл екі бағыт жасөспірімдердің поэзияға деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық ойлауын, сахналық мәдениетін, тіл байлығын дамытуға ықпал етті.

Қалалық кезең қорытындысы бойынша республикалық деңгейде Шымкент атынан өнер көрсететін екі жеңімпаз анықталды:

Қуанышқызы Әлия – Фурқат атындағы №37 жалпы орта білім беретін мектеп
Дарханбай Қаршыға – №118 «Көкбұлақ» жалпы орта білім беретін мектеп

Бұл оқушылар көркемсөз оқу мен шығармашылық қабілет жағынан өз қатарластарының ішінен оза шауып, әділқазылардың жоғары бағасын алды.

Байқауға қатысқан барлық оқушыға, оларды дайындаған ұстаздарға және қолдау көрсеткен ата-аналарға алғыс білдіріледі. Әрбір қатысушының өнері — қазақ әдебиетінің болашағына қосылған өзіндік үлес.

Республикалық кезеңде Шымкенттің намысын қорғайтын Әлия мен Қаршығаға сәттілік, шабыт және зор жеңіс тілейміз!

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР