
Білім – мемлекет дамуының іргетасы, ал сол білімді тасымалдап, ұрпақ санасына сәуле құятын тұлға – ұстаз. 3 қазан күні Шымкент қаласының «QYZGALDAQ saraiy» мәдениет сарайында өткен «Ұстаздар – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты іс-шара осы айтулы мамандықтың қадір-қасиетін тағы бір мәрте айқындай түсті. Жыл сайынғы бұл мерекелік жиын ұстаздардың қоғамдағы орнының биіктігін, олардың еңбегі ешқашан ескерусіз қалмайтынын көрсетеді.
Кештің басты мақсаты – бар ғұмырын бала тәрбиесі мен білім сапасын арттыруға арнаған педагогтарды ұлықтау, олардың адал қызметін қоғамға насихаттау. Бұл – бүгінгі ұрпаққа ұстаз бейнесінің қаншалықты маңызды екенін, ал олардың өнегесі мен ұстаздық жолы – өскелең буын үшін өмірлік бағдар екенін жеткізудің бір жолы.
Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық мәслихат төрағасы Бекайдар Нарымбетов, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері, ардагер педагогтар және қаладағы білім саласының қызметкерлері қатысты. Жалпы саны 2000-нан астам ұстазды бір арнаға тоғыстырған бұл шара – білім беру саласының ауқымы мен оның маңызын айқын көрсеткен айтулы оқиға.
Кеш барысында еліміздің білім беру жүйесін дамытуға айрықша үлес қосқан ұстаздар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік марапаттарымен, қала әкімінің және мәслихат төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – әрбір педагогтың маңдай тері мен жанкешті еңбегінің лайықты бағалануы. Марапат иелерінің арасында талай жылын балаларға арнап, олардың болашағы үшін еңбек еткен тәжірибелі мұғалімдер де, білім беру саласына жаңа серпін алып келген жас педагогтар да болды.
Салтанатты жиын Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мерекелік концертімен жалғасты. Шымкент өнерпаздары ұстаздарға арнайы әзірленген ән-жырын арнап, көрерменге рухани мереке сыйлады.
Ұстаздар күні – тек кәсіби мереке емес, адамзаттың болашағына бағыт беретін жанның қадірін түсіну күні. «Ұлттың шамшырағы» атанған ұстаздар – қоғамның ең сенімді тірегі, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы. Шымкентте өткен бұл кеш сол ұлық мамандықтың беделін биіктетіп, ұстаздардың мәртебесін одан әрі асқақтата түсті.
