2025-11-26 11:23:15
7.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент мектептерінде оқушыларға кәсіби бағдар берудің бірыңғай нұсқаулығы енгізілмек

Қазақстанда білім беру саласында оқушылардың болашақ мамандығын саналы таңдауға көмектесетін жаңа бастама қолға алынды.

Шымкент қаласы да бұл бастамадан тыс қалмайды. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, өңір мектептерінде кәсіби бағдар берудің тиімді үлгісін енгізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мұғалімдер мен сынып жетекшілері жаңа нұсқаулықтың мазмұнымен танысып, оқушыларды мамандық әлеміне баулудың заманауи тәсілдерін меңгермек.

Жергілікті колледждер мен жоғары оқу орындары да бұл үдеріске серіктес ретінде қатысып, 9–11-сынып оқушыларына ашық есік күндері мен кәсіби шеберлік сабақтарын өткізуді жалғастырып келеді. Мысалы, Шымкенттегі политехникалық және педагогикалық колледждер оқушыларды техникалық және әлеуметтік мамандықтарға қызықтыру мақсатында практикалық таныстыру сабақтарын ұйымдастырып жүр.

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Адами капиталды дамыту және кәсіби бағдар беру орталығында 1–11-сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру жөніндегі бірыңғай нұсқаулық әзірлеу жұмыстары басталды.

Бұл нұсқаулықтың мақсаты – мектептерде кәсіби бағдар беру ісін біріздендіріп, оқушылардың қабілеті мен қызығушылығын анықтауға бағытталған нақты жүйе құру. Құжат бастауыш сынып мұғалімдеріне, пән педагогтеріне, сынып жетекшілеріне және кәсіби бағдар мамандарына арналған. Онда сабақтардың үлгілік сценарийлері, оқушылармен және ата-аналармен жұмыс алгоритмдері, әлеуметтік серіктестермен байланыс орнату тәсілдері қамтылған. Сондай-ақ кәсіби бағдар беру нәтижесін бағалау мен мониторинг жүргізудің бірыңғай талаптары да енгізілмек.

Жұмыс тобының құрамында Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және білім академиясының сарапшылары бар. Мамандардың айтуынша, нұсқаулық жасөспірімдерге еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен танысуға, болашақ кәсібін ерте айқындауға және жеке бейіміне сай бағыт алуына мүмкіндік береді.

Білім сарапшыларының пікірінше, бірыңғай нұсқаулық енгізілсе, мектептерде кәсіби бағдар беру жұмысы жүйелі сипат алып, оқушылардың өз әлеуетін ерте ашуына жол ашылады. Бұл қадам елдің адами капиталын дамытудың маңызды бөлігіне айналмақ.

Мамандық таңдаудағы қателік – болашаққа әсер ететін шешім. Сондықтан кәсіби бағдар берудің ғылыми және жүйелі тәсілі – әр оқушының табысты өмірлік жолына алғашқы қадам болмақ.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР