2025-11-26 11:23:26
7.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: Алина Соловьева – «Еңбек Ері» атағын алған ұстаз

Шымкент қаласындағы А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі, 2018 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленген Алина Соловьева – өз өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз. 35 жылдан астам педагогикалық еңбек өтілі бар ұстаз – 14 оқу құралының авторы, жүздеген шәкіртінің өміріне жол ашқан тұлға. Оның шәкірттері республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанып, еліміздің білім саласында айрықша із қалдырды.

Мектеп бітірген соң Алина Робертқызы журналистика мен педагогика арасында таңдау жасаған. «Журналист көпшілікке әсер ете алады, бірақ ұстаз – күн сайын жанында жүрген адамға нақты пайдасын тигізеді. Сондықтан мен мұғалім болуды қаладым», – дейді ол.

Соловьева ұстаздық жолын қарапайым тақта мен бормен бастағанымен, бүгінде жаңа технологиялардың мүмкіндігін толық пайдаланады. «Қазір интерактивті тақталар, компьютерлік сыныптар, тіпті жасанды интеллект көмегімен оқушыларға адам қаңқасын, ішкі мүшелердің құрылымын көрнекі көрсетуге болады. Бұл – бұрын армандаған дүние еді», – дейді ол.

Дегенмен, педагог қазіргі бағдарламаның кей тұстарын өмірден алшақ деп санайды. «Бұрын балалар табиғатты зерттеді, гербарий жасады, микроскоппен жұмыс істеді. Қазір теория көп, тәжірибе аз. Тіпті өсімдік атауын айтсаң, танымайтындар бар. Балалар табиғатты көрмейді, өйткені көпшілігі жаяу емес, көлікпен жүреді», – деп қынжылады ұстаз.

Алина Соловьева оқушыларын бес санатқа бөледі: олимпиадаларға дайындалатын дарындылар, ҰБТ-ға дайындалушылар, сынып жетекшілігіндегілер, жай сабаққа қатысушылар және білімге қызықпайтындар. Әр топпен жұмыс тәсілі әртүрлі, бірақ барлығына ортақ нәрсе – қамқорлық пен талап.

2018 жылы оны «Қазақстанның Еңбек Ері» мемлекеттік наградасына ұсынғанда, ұстаз басында қарсы болған. «Мен тек бір мектепте еңбек еттім, елдің экономикалық дамуына әсер еттім деу артық сияқты», – деген ол. Алайда қала әкімдігі оның 16 республикалық және 4 халықаралық жеңімпаз тәрбиелегенін, 20 оқу құралының авторы екенін атап өтеді.

Бүгінде Соловьева бұл марапатты жеке жетістік емес, бүкіл ұстаздар еңбегінің мойындалуы деп біледі. Ол партиялық және қоғамдық қызметке белсенді араласып, жастармен кездесулер өткізіп, патриоттық тәрбие жайында дәрістер оқиды.

«Мұғалім – бұл жай мамандық емес, бұл жанның күйі. Егер осы жолды таңдасаң, кері қайтар жол жоқ. Ең бастысы – балаларға пайдаң тисін. Қалғанының бәрі – екінші орында», – дейді ол.

Алина Робертқызының айтуынша, ұстаздың міндеті – балаларды тек оқыту емес, оларды өмірге бейімдеу. «Гигиена – бұл тазалық емес, денсаулықты сақтау мәдениеті. Мен балаларға қалай дұрыс отыру, көзді қорғау, алғашқы көмек көрсету жолдарын үйретемін. Өмірде осы білімнің қажет болған сәттерін кейін өздері айтып жүреді», – дейді ол.

Бүгінде Алина Соловьева тек шәкірт тәрбиелеумен шектелмей, әріптестеріне де тірек болып отыр. Ол он жылдан астам уақыт бойы мектептің кәсіподақ ұйымын басқарып келеді. Оның өмірлік ұстанымы өзгермеген: адам қай жерде жүрсе де, пайда әкелуі керек.

Шымкент қаласының ұстазының еңбек жолы – бір адамның табандылығы мен елге адалдығының айқын көрінісі. Ол үшін басты марапат – шәкіртінің жетістігі мен адамгершілігі. Ал алтын жұлдыз бен «Отан» ордені – сол еңбектің лайықты бағаланғанының белгісі ғана.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР