2025-12-04 18:13:34
7.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент колледждері халықаралық деңгейге шықты: жергілікті студенттер IT саласында жаһандық сертификат иегері атанды

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қарқынды жаңғыру үстінде. Бұл өзгерістерден Шымкент қаласының колледждері де шет қалған жоқ. Қаладағы бірнеше оқу орны бүгінде халықаралық деңгейдегі әріптестік жобаларға қатысып, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Биыл Қазақстан бойынша 7 шетелдік колледжбен стратегиялық серіктестік орнатылды. Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания және Грузия оқу орындарымен бірлескен бағдарламалар іске қосылып, оқу үрдісіне заманауи әдістемелер енгізілуде. Бұл серіктестік аясында студенттерге шетелдік тәжірибеден өту, халықаралық стандарттарға сай білім алу және біліктілігін растау мүмкіндігі беріліп отыр.

Шымкент қаласындағы IT және техника бағытындағы колледж студенттері осы бастаманың алғашқы қатысушыларының бірі болды. Олар Certiport халықаралық жобасы аясында ақпараттық технологиялар саласында емтихан тапсырып, халықаралық сертификаттарға ие болды. Бұл құжат олардың білімін жаһандық деңгейде мойындатуға мүмкіндік береді және еңбек нарығында жаңа перспективалар ашады.

«Біздің мақсат – студенттерді тек отандық емес, сонымен қатар халықаралық еңбек нарығына бейімдеу. Осы бағытта шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасу өте маңызды. Шымкент колледждерінің белсенділігі мен дайындығы қуантады, өйткені жастар жаңа технологияларды тез меңгеріп, бәсекеге қабілетті кадрға айналып келеді», – деді Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Халықаралық ынтымақтастық аясында Шымкент колледждері енді шетелдік оқытушылармен бірлескен курстар өткізуді, академиялық ұтқырлықты кеңейтуді және әлемдік кампустар желісіне қосылуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, оқу бағдарламаларын халықаралық аккредитациядан өткізу де басты мақсаттардың бірі.

Білім беру саласындағы бұл өзгерістер Шымкенттегі жастар үшін жаңа мүмкіндіктер есігін ашты. Қаланың жас мамандары енді тек жергілікті емес, халықаралық деңгейдегі жобалар мен компанияларда еңбек етуге дайын.

Жалпы алғанда, шетелдік серіктестік пен халықаралық сертификаттау тәжірибесі қазақстандық, соның ішінде шымкенттік студенттердің кәсіби өсуіне жол ашып, еліміздің білім беру жүйесін әлемдік деңгейге жақындатуда.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР