
Шымкент қаласында жаңа оқу жылы білім саласында үлкен жаңалықпен басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде алғаш рет білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің ұлттық моделі бекітілді. Бұл құжат 2025–2029 жылдарға арналған орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына бағытталған стратегиялық бағдар болып отыр. Шымкент қаласы да бұл үдерістің бел ортасында.
Жаңа тұжырымдама жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай ұлттық стандарттарын айқындап берді. Енді Шымкент мектептері мен колледждері оқушыларды ЖИ технологияларын тиімді пайдалануға үйретіп қана қоймай, олардың жобалық қабілеттерін дамытуға да басымдық береді. Жаңа пәндік модульдер «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» сабақтарына енгізіліп, оқушылар үшін Day of AI онлайн-курстары қолжетімді болды. Бұл бағдарламалар балалардың тек тұтынушы емес, болашақта технологияларды құрастырушы болуына мүмкіндік береді.
Шымкенттегі педагогтер де назардан тыс қалған жоқ. Қала бойынша мыңдаған мұғалімдер арнайы курстардан өтіп, ЖИ құралдарын сабақ жоспарлауда, оқушыларды жеке дара оқытуда және бағалауда тиімді қолдануды үйреніп жатыр. Үшсатылы Acquire → Deepen → Create үлгісі негізінде біліктілігін арттырған мұғалімдер білім беру сапасын жаңа деңгейге көтермек. Сонымен қатар ЖИ пайдалану кезінде этика, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық қағидалары қатаң сақталуы қажет екені түсіндірілді.
Шымкент қаласы білім басқармасының мәліметінше, қазірдің өзінде бірнеше мектепте жасанды интеллектіні сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Оқушыларға арналған сандық күнделіктер мен LMS-платформаларға ЖИ элементтері енгізіліп, ата-аналарға баласының жетістігі туралы жедел ақпарат алу мүмкіндігі жасалды.
«Жасанды интеллект педагогтің орнын баспайды, керісінше оның жұмысын жеңілдетеді. Басты шешім әрқашан мұғалімнің қолында қалады», – дейді сала мамандары.
Шымкент қаласында ЖИ енгізудің алғашқы нәтижелері келесі жылдан бастап көріне бастайды деп күтілуде. Бұл қадам мегаполистің білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртып, балалардың құзыретті әрі заманауи технологияларды меңгерген азамат болып өсуіне жол ашады.
