2025-10-12 11:41:12
23.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМКЕНТ МЕКТЕПТЕРІ МЕН БАЛАБАҚШАЛАРЫНА ЖАҢА САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР ЕНГІЗІЛДІ

Шымкент қаласында 2025–2026 оқу жылы мен жаңа эпидемиялық маусымға дайындық аясында білім беру ұйымдары үшін санитарлық талаптар күшейтілді. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді.

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, ЖРВИ, тұмау және COVID-19 індетінің таралуына жол бермеу үшін бірқатар алдын алу шаралары қолға алынуда.

Басты жаңалықтар:

15 қыркүйектен бастап қала тұрғындарына тұмауға қарсы вакцинация жүргізіледі;

Шымкенттегі медициналық ұйымдарда кіре берісте сүзгілер орнатылып, маска мен антисептик қоры қамтамасыз етіледі;

ЖРВИ белгілері бар жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға дәрігерді үйге шақыруға басымдық беріледі;

Қаладағы барлық балабақшаларда күнделікті таңертеңгі сүзгі жүргізіліп, ауру белгілері бар балалар оқшауланады.

Мектептерге қатысты талаптар:

Егер бір сыныптағы оқушылардың 20–30%-ы ЖРВИ жұқтырса, кабинеттік оқыту жүйесі уақытша тоқтатылады және жаңа балалар қабылданбайды;

Ал оқушылардың 30%-дан астамы сырқаттанса, сыныптар онлайн оқытуға көшіріледі;

Барлық мектепте дезинфекция, желдету және ылғалды тазалау жұмыстары күшейтіледі.

Мектеп асханалары мен балабақша асүйлерінде санитарлық нормаларға ерекше назар аударылуда: өнімдердің қауіпсіздігі, тоңазытқыштардың температуралық режимі және ыстық су жүйесі тұрақты тексеріледі. Қаладағы білім ошақтарының медициналық кабинеттері «оқшаулау бөлмелерімен» жабдықталуда. Ал медқызметкерлер мен сынып жетекшілері ЖРВИ белгілерін ерте анықтау бойынша арнайы нұсқамадан өтті.

Ата-аналарға ескерту:

балаларын ауру белгілерімен мектепке немесе балабақшаға жібермеу;

вакцинацияға қатысты учаскелік дәрігерлермен кеңесу ұсынылады.

Апталық мониторинг деректері Шымкент қаласының білім басқармасына жолданып, қажет болған жағдайда сабақ кестесі мен бұқаралық іс-шаралардың форматы уақытша өзгертіледі.

«Алдын алу – ең тиімді шара. Мақсатымыз – балалардың денсаулығын қорғап, оқу процесін үзбеу», – дейді қалалық СЭБД мамандары.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР