Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында да мұғалімдердің мәртебесі мен құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлініп отыр. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың төрағалығымен өткен кеңесте облыстар мен қалалардың әкім орынбасарлары, білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары қатысып, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның орындалу барысы талқыланды.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық тамыз конференциясында мұғалімдердің өз қызметіне тән емес міндеттерге тартылмауы тиіс екенін нақты атап өткен. «Педагогтің құқығын бұзу – білім сапасын төмендетумен тең. Егер заң өрескел бұзылса, прокуратура араласуы тиіс. Балаларға қатысты қайғылы оқиғалар үшін де мұғалімді кінәлау – орынсыз», – деді Ғани Бейсембаев.
Шымкенттегі білім беру ұйымдарына қатысты да бұл мәселе өзекті. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда мұғалімдерді артық жұмысқа тарту немесе оларға қысым көрсету жағдайлары біршама азайғанымен, әлі де кездесіп қалады. Ең жиі байқалатыны – педагогтерді түрлі іс-шараларға мәжбүрлі түрде қатыстыру немесе билет сатуға міндеттеу.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның негізгі нормаларына сәйкес, мұғалімдердің жұмыс жүктемесін негізсіз арттыруға, кәсіби қызметіне қатысы жоқ тапсырмалар беруге болмайды. Сондай-ақ педагогке құрметсіздік танытқандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл – мұғалімнің абыройын қорғауға бағытталған нақты құқықтық тетік.
Бүгінде Шымкенттің мектептерінде 20 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Олардың міндеті – сапалы білім беру, оқушылардың құқықтарын құрметтеу, кәсіби құзыреттілікті арттыру және ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Кеңес соңында министр барлық өңірлік басқармаларға заң талаптарын қатаң сақтап қана қоймай, педагогтердің құқықтарын қорғау тетіктерін жүйелі түрде түсіндіруді тапсырды. «Мұғалімді қорғау – баланың білім алу құқығын қорғау. Сондықтан әрбір мектепте «Педагог мәртебесі туралы» заң толық орындалуы қажет», – деді Ғани Бейсембаев.
Бұл бастама Шымкенттің білім беру жүйесінде де мұғалімнің абыройын көтеріп, оқушының сапалы білім алуына тікелей ықпал ететін қадам ретінде бағалануда.