2025-10-12 23:21:39
14.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: «Адал азамат» бағдарламасы – жас ұрпақты тәрбиелеудің жаңа бағыты

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласының мектептерінде тәрбие жұмыстары жаңа форматта жүргізілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025–2026 оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарына «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы енгізіледі. Оның мақсаты – өскелең ұрпақты жоғары моральдық құндылықтарға, азаматтық жауапкершілікке және әділетті қоғам құруға бейімдеу.

Бағдарлама алты негізгі құндылыққа сүйенеді: тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен келісім, әділеттілік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби құзыреттілік, жасампаздық пен инновация. Бұл қағидаттар білім беру мазмұнына да, сыныптан тыс іс-шараларға да енгізіліп, әрбір оқушының бойына күнделікті тәжірибе арқылы сіңіріледі.

Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, жаңа бағдарламаны іске асыруға дайындық мақсатында бірқатар шаралар атқарылды. Арнайы семинарда 250-ден астам мұғалім бағдарламаның мазмұнымен жан-жақты танысты. Сондай-ақ, қалалық тамыз кеңесі аясында 60-қа жуық тренер оқытылып, енді олар өз мектептерінде әріптестеріне «Адал азамат» қағидаттарын үйретіп, әдістемелік қолдау көрсетпек. Бұл каскадтық формат барлық педагогтердің жаңа бағдарлама бойынша біртұтас дайындық алуына мүмкіндік береді.

Жаңа оқу жылына арналған бірыңғай жылдық тәрбие жоспары бекітілді. Онда оқушыларға қауіпсіздік сабақтарын өткізу, мемлекеттік органдармен бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру, ата-аналармен тығыз байланыс орнату көзделген. Сонымен қатар, балалардың бойында еңбекқорлық пен жауапкершілікті дамыту үшін «Қамқорлық», «Еңбекқор жас азамат», «Шабыт», «Жылдам идеялар алаңы» және Smart bala секілді жобалар жүзеге асырылады.

Білім басқармасы өкілдері бұл бастаманың стратегиялық маңызына тоқталды. «Адал азамат» бағдарламасы – келер ұрпақтың мінез-құлқын қалыптастыруда жаңа сапалы кезең. Оны тиімді іске асыру үшін мектеп, ата-ана және қоғам бірлесе әрекет етуі қажет. Бұл тек тәрбиелік шара ғана емес, болашақта әділетті әрі жауапты азаматтарды қалыптастырудың іргетасы», – деп атап өтті басқарма басшылығы.

Шымкент мектептерінде жүзеге асырылып жатқан бұл қадам жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірумен қатар, заманауи қоғамға бейімделген жаңа азаматтық болмыс қалыптастыруға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР