
Үкіметтің соңғы отырысында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралып, білім саласындағы ауқымды бастамалар талқыланды. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз баяндамасында жаңа оқу жылы елдің барлық өңірінде, оның ішінде Шымкент қаласында да білім беру үдерісіне жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
Министрдің айтуынша, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2024–2025 жылдары жүздеген жаңа мектептің құрылысы қолға алынған. Жыл соңына дейін 52 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл жұмыстар Шымкенттегі үш ауысымды оқыту мен орын тапшылығын азайтуға да ықпал етпек. Қалада соңғы жылдары халық саны күрт өсіп, жаңа шағынаудандар бой көтергендіктен, білім беру инфрақұрылымын кеңейту – күн тәртібіндегі басты мәселе.
Жасанды интеллекттің мектеп бағдарламасына енуі де ерекше назарда. Биылдан бастап 1–11-сынып оқушыларына арналған «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндерінде ЖИ негіздері оқытыла бастады. 160 мың педагог арнайы курстардан өтіп, дайындықтан өтті. Оқушыларға арналған «Day of AI» онлайн-курсы іске қосылып, жаңа технологияларды этикалық тұрғыдан дұрыс қолдануға үйрететін стандарттар бекітілді. Бұл жаңашылдық Шымкенттегі білім беру ұйымдарында да пилоттық режимде енгізілуде.
Айрықша мән беріліп отырған бағыттың бірі – шағын жинақты мектеп үлгісіндегі «Qazaq Digital mektebi» жобасы. Алғаш Ақтөбе облысында сынақтан өткен бастама бүгінде барлық өңірлерге, соның ішінде Түркістан облысы мен Шымкентке таратылып жатыр. Жоба оқу сапасын арттырып қана қоймай, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты қысқартуға, оқушылардың танымдық қызығушылығын оятуға бағытталған. Енді Шымкенттің шағынаудандарында орналасқан шағын мектептер қашықтан оқыту платформаларын пайдаланып, жасанды интеллект көмегімен сабақ жоспарлап, жеке оқыту траекториясын құра алады.
«Qazaq Digital mektebi» – инфрақұрылым мен кадрлық әлеуетті жаңғыртумен қатар, оқушылардың шығармашылық қабілетін ашуға, білімді жекелеп беруге мүмкіндік беретін жаңа модель. Министрдің айтуынша, бұл жоба алдағы уақытта жасанды интеллектті сабақ жоспарлау, бағалау жүйелері мен қашықтан оқытуда кеңінен қолдануды көздейді.
Шымкенттегі педагогтер үшін бұл бастама – кәсіби мүмкіндікті кеңейтсе, оқушылар үшін заманауи білім алу ортасына қадам. Цифрлық дәуірде білім беру тек дәстүрлі сыныппен шектелмей, жаңа технологияларды барынша тиімді пайдалануға көшіп келеді.
