Жаңа оқу жылы Шымкент қаласында да оқушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бастамалармен басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мектеп пен колледждерде буллингке, агрессияға және зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін жүйелі жұмыстар күшейтілуде.
Қаладағы барлық білім беру ұйымдарында «ДосболLIKE» атты антибуллингтік бағдарлама енгізілді. Бұл жоба жасөспірімдер арасында достықты нығайтуға, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
1 қыркүйектен бастап Шымкенттегі барлық балабақша, мектеп және колледждерде жеке қауіпсіздік сабақтары өтеді. Әр аптада сынып сағаты аясында 10 минуттық сабақтар ұйымдастырылып, жылына үш рет қайталанады. Балалар интернеттегі қауіпсіздік ережелерін, алаяқтардан қорғануды, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуді және зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдарын үйренеді.
Шымкент қаласында балаларға психологиялық көмек көрсететін орталықтар жұмысын жалғастыруда. Мұнда буллингке, зорлық-зомбылыққа немесе дағдарыс жағдайына тап болған балаларға, ата-аналарға және педагогтерге тәулік бойы қолдау көрсетіледі.
Барлық мектептерге «111» желісіне қосылған QR-кодтар орнатылды. Енді кез келген оқушы өз құқығының бұзылғаны туралы анонимді әрі жедел хабарлай алады. Бұл кодтар дәліздерде, баспалдақтарда және санитарлық бөлмелерде көзге көрінетін жерлерге қойылды.
Шымкент қалалық білім басқармасы буллингке қарсы жауапкершілік күшейтілгенін еске салды. Егер оқушыға әлімжеттік жасалса, алғаш рет 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады, ал қайталанса 30 АЕК-ке дейін жетеді.
Сондай-ақ қаладағы қоғамдық көлік жүргізушілеріне 16 жасқа дейінгі балаларды ересектерсіз мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды. Бұл шара оқушылардың жолда қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Шымкентте жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал отбасылардың балалары да қолдаусыз қалмады. «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында 30 мыңнан астам оқушыға оқу құралдары мен киім-кешек алуға қаржылай көмек көрсетілді.
Бүгінде қалада қорғаншылық және қамқоршылық органдарының штаты ұлғайып, нормативке сәйкес әр 5 мың балаға бір маман бекітілді. Қазіргі таңда Шымкентте ондаған маман балалардың құқығын қорғауға тікелей жауапты болып отыр.
Бұл шаралардың барлығы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тұрақты бақылауында жүзеге асуда.