2025–2026 оқу жылы Шымкенттегі мектептер үшін де бірқатар маңызды жаңалықтармен басталды. Бұл өзгерістер білім мазмұнын жаңғыртуға, оқушыларды заманауи технологияларға бейімдеуге және тәрбиелік бағытты күшейтуге бағытталған.
Биылдан бастап қаладағы 1–11 сынып оқушыларына жасанды интеллект негіздері оқытыла бастайды. Бағдарламаның мақсаты – балаларды ЖИ құралдарын дұрыс және тиімді қолдануға үйрету. Сабақтар жас ерекшеліктеріне қарай бейімделген. Сонымен қатар барлық оқушыларға «Day of AI» атты интерактивті онлайн курс қолжетімді болып, ЖИ-ды этикалық тұрғыдан дұрыс пайдалану жолдары түсіндіріледі.
Жоғары сыныптарға арналған тағы бір жаңашылдық – ерте кәсіби бағдар. Шымкенттегі 10–11 сынып оқушыларына бастапқы кәсіби дағдылар үйретілсе, «Келешек мектептері» жобасына енген білім ошақтарында бұл бағдар 7-сыныптан басталады. Осы мақсатта әзірленіп жатқан «Маман» онлайн платформасы әр оқушының қабілеті мен қызығушылығын ескеріп, болашақ мамандығын таңдауға жол ашады.
Меншік түріне қарамастан, Шымкенттегі барлық мектептерде «Адал азамат» атты бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілді. Ол ұлттық құндылықтар мен Абайдың қара сөздеріндегі философия негізінде жаңартылып, жаңа буынға бағыт беруді көздейді. Мектептердің бірыңғай визуалды ортасын қалыптастыру үшін арнайы брендбук пен дизайн-код та қолданысқа енгізілуде.
Балалар арасындағы буллингтің алдын алу үшін қала мектептерінде «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылды. Ал оқушылардың ыстық тамағы биылдан бастап ваучерлік жүйе арқылы «Әлеуметтік әмиян» негізінде төленеді. Жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» атты бірыңғай бағдарлама қабылданып, онда баланың мүддесін қорғауға ерекше мән берілмек.
Министрлік бұл жаңашылдықтардың орындалуын дашборд арқылы қадағалайды. Шымкент мектептерінде ата-аналарға арналған «Ата-ана кабинеті» мен жедел желі іске қосылып отыр. Әр оқу орнында ЖИ-координатор тағайындалып, мұғалімдерге үш деңгейлі оқыту курстары ұсынылады. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, дербес деректерді қорғау мен академиялық адалдық ережелері жаңартылды.
Жаңа оқу жылы Шымкент оқушыларына тек білім ғана емес, жаңа мүмкіндіктер сыйлап отыр. Жасанды интеллектті меңгеру, кәсіби бағдар алу және ұлттық құндылықтарға сүйенген тәрбие – мегаполис жастарының болашағына сенімді қадам болып отыр.