2025-10-13 21:16:31
16.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: Жаңа оқу жылындағы басты өзгерістер

Санаулы күндерден кейін Шымкент қаласындағы мектептерде де алғашқы қоңырау сыңғырлап, жаңа оқу жылы басталады. Үшінші мегаполистегі 250 мыңнан астам оқушының 25 мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, он екі жыл бойы білім алған түлектер үлкен өмірге жолдама алады.

Қалада жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүрді. Биыл Шымкентте бірнеше жаңа мектеп пайдалануға беріліп, мыңдаған оқушы үшін қосымша орын ашылды. Бұдан бөлек, 20-дан астам мектепте күрделі жөндеу аяқталып, оқу кабинеттері жаңартылды. Жаңа оқу жылына орай робототехника, химия, биология және STEM бағытындағы пәндік кабинеттер орнатылып, оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік жасалды.

Мектепке дейінгі ұйымдар да назардан тыс қалған жоқ. Шымкенттегі балабақшаларда «Тілге бойлау» және «Беске дейін үлгер» бағдарламалары енгізіліп, бүлдіршіндердің мемлекеттік тілді ерте меңгеруіне жағдай жасалуда. Қыркүйектен бастап 30-ға жуық балабақшада балаларды еңбекке баулуға арналған жаңа жоба іске қосылмақ.

Орта білім беру жүйесінде де тың өзгерістер бар. Жаңа оқу жылынан бастап Шымкент мектептерінде «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Бұл оқушылардың заманауи технологияны игеруіне жол ашады. Сондай-ақ барлық білім ошақтарына «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіліп, жасөспірімдерге құндылықтарға негізделген білім беріледі.

Қаладағы колледждерде де оң өзгерістер байқалады. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кәсіптік білім беретін оқу орындары мен өндіріс орындары арасындағы байланыс нығайып, студенттер тәжірибеден өтуге және жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндік алып отыр. Биыл Шымкентте кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша 3 мыңнан астам студент тегін білім алуда.

Жаңа оқу жылы Шымкент үшін – тек білім сапасын арттыру емес, сонымен бірге оқушыларға қауіпсіз әрі заманауи оқу ортасын қалыптастыру кезеңі. Жаңартылған мектептер, жаңа бағдарламалар мен технологиялық кабинеттер қаладағы білім беру жүйесінің жаңа белеске көтерілгенін айғақтайды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР