Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласындағы барлық мектептерге оқулықтарды жеткізу және тарату толық аяқталды. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, қаладағы білім беру ұйымдары қажетті оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен 100 пайыз қамтылды.
Биыл ерекше басымдық 7, 8, 10 және 11-сыныптарға арналған қайта басылған оқулықтарға берілді. Сонымен қатар бастауыш буын үшін жаңа басылымдар жеткізілді. 4-сынып оқушылары үшін «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептерге), шет тілдері (ағылшын, неміс, француз), «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Цифрлық сауаттылық» және «Жаратылыстану» пәндерінен жаңартылған оқулықтар әзірленіп, мектептерге таратылды. Ал 3-сыныптарға ұйғыр және өзбек тіліндегі оқулықтар ұсынылды.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқулықтармен қамту мәселесіне де көңіл бөлінді. Көру қабілеті бұзылған және нашар көретін оқушыларға арнайы басылымдар жеткізілді. Олардың қатарында «Қазақ тілі» (1–3-сыныптар), «Жаратылыстану» (1–4-сыныптар), «Орыс тілі» (2–4-сыныптар), «Дүниетану» (2–3-сыныптар), сондай-ақ «Химия» мен «Биология» пәндері (7–10-сыныптар, қазақ және орыс тілдерінде) бар.
Орта және жоғары буынға арналған оқулықтар да жаңартылды. Атап айтқанда, 7-сынып оқушыларына «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті» (орыс тілінде оқытатын сыныптарға), «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті», сондай-ақ «Орыс тілі мен әдебиеті» (қазақ тілінде оқытатын сыныптарға) оқулықтары жеткізілді. Сонымен қатар алгебра, геометрия, физика, биология, химия, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы, көркем еңбек пәндерінен жаңа басылымдар пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Қазақстан географиясы» (7–8-сыныптар), «Қазақстан тарихы» (8-сынып), «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» (10–11-сыныптар) және «Құқық негіздері» (11-сынып) оқулықтары жаңартылды.
Шымкент қалалық білім басқармасы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын толық аяқтағанын мәлімдеп, оқушылардың білім алу процесі үшін қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.