2025-10-12 16:20:03
22.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: 4 мыңнан астам мұғалім «Ұстаз» платформасы арқылы аттестациядан өтуде

Жаңа оқу жылында Шымкент қаласының педагогтері алғаш рет «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы толықтай цифрлық форматта аттестациядан өтіп жатыр. Бұл жүйе мұғалімдердің еңбегін әділ бағалауға, қағазбастылықты азайтуға және процестің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Платформа педагогке қатысты барлық деректерді бірнеше мемлекеттік дерекқордан автоматты түрде жинайды. Мұнда қызмет орны, еңбек өтілі, білім деңгейі мен кәсіби жетістіктері біріктірілген. Педагогикалық шеберлікке қатысты мәліметтерді арнайы бақылаушы мамандар енгізіп, сабақ қорытындылары электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады. Бұл мұғалім еңбегіне объективті баға беруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Шымкенттегі 25 мыңнан астам педагог платформаның бірыңғай жүйесіне тіркелген. Олардың ішінде 4 мыңнан астамы «Педагог-модератор» және «Педагог-сарапшы» санаттары бойынша аттестациядан өтуде. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, мұғалімдердің шамамен 70 пайызының нәтижелері жарияланып үлгерген.

Жүйеде қосымша мүмкіндіктер де қарастырылған: мұғалімдер e-портфолио арқылы барлық сертификаттары мен курстарын автоматты түрде тануға қол жеткізе алады. Сонымен қатар, «Педагог-зерттеуші» және «Педагог-шебер» санаттарына өтінім беру тәртібі кезең-кезеңімен енгізілуде.

Шымкент педагогтері үшін бұл жаңашылдық кадрлық жоспарлауды да жеңілдетіп отыр. Өңірлік дашбордтар пәндер мен санаттар бойынша аттестаттау динамикасын көрсетіп, білім беру сапасын арттыру бағытында нақты талдау жүргізуге жол ашуда.

Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, цифрлық аттестация жүйесі ұстаздардың мәртебесін көтеріп қана қоймай, кәсіби дамуына да тың серпін береді. «Ұстаз» платформасы мұғалімдердің еңбегін әділ бағалап, олардың кәсіби өсуіне жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР