2025-10-12 19:24:36
18.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: инклюзияға қолайлы жағдай жасалып келеді

Биылғы тамыз кеңесінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағытында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, жаңа бастамалар таныстырылды. Бұл мәселе Шымкент қаласы үшін де аса маңызды, өйткені қаладағы мектептер мен балабақшаларда инклюзияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету стандарты бекітілді. Бұл стандарт білім берудің барлық деңгейінде осындай балаларды сүйемелдеудің жүйелі тетігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол отбасы мен балаға жан-жақты көмек көрсетудің ведомствоаралық жүйесін енгізуді көздейді.

Шымкенттегі білім беру ұйымдарының көпшілігінде инклюзивті орта жасақталған. Бүгінде еліміз бойынша мектептердің 90%-ында инклюзияға жағдай жасалса, қаладағы көрсеткіш осы деңгейге жақындап келеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85%-ы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Мектептер жанынан ашылған қолдау кабинеттері мен түзету бөлмелері осындай балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беріп отыр.

2024 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдар мен колледждерде педагог-ассистенттің штаттық бірлігі енгізілді. Шымкенттегі бірқатар мектеп үлгілік штатқа арнайы педагог лауазымын қосып үлгерді. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды физикалық сүйемелдеуге арналған жеке көмекші қызметі де енгізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар мен түзету кабинеттері жалғастыруда.

Қалада аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға қолдау көрсету орталықтары кеңейіп келеді. Олар оңалту және әлеуметтік бейімдеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдар тізіміне енгізілген. Сондай-ақ мектепке дейінгі мекемелердің оқу жоспарларына арнайы түзету компоненттері қосылды.

Маңызды жаңалықтың бірі – мүгедектігі бар азаматтар үшін колледждерге қабылдау квотасының ұлғаюы. Бұған дейінгі 1% көрсеткіш 10%-ға дейін жетіп, Шымкент жастарына да кәсіби білім алуға кең мүмкіндік берілуде.

Инклюзияны дамыту бағытындағы бұл өзгерістер қаладағы білім беру мекемелерін барша балаға қолайлы, мейірімге толы ортаға айналдыруға негіз болмақ.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР