Астанада өтіп жатқан дәстүрлі Республикалық тамыз конференциясында «Әдістемелік орталықтар: дамудың жаңа парадигмасы» атты секция ұйымдастырылды. Жиынға облыстық және қалалық әдістемелік орталықтардың басшылары, аудандық кабинеттердің меңгерушілері, білім басқармаларының өкілдері, шағын жинақты және тірек мектептердің директорлары, педагогтер мен сарапшылар қатысты. Шымкент қаласынан да делегация арнайы қатысып, жергілікті тәжірибелер мен бастамаларды ортаға салды.
Секция жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысып, әдістемелік орталықтардың педагогтерге сапалы қолдау көрсетіп, білім сапасын арттырудағы шешуші рөлін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай орталықтар мұғалімдердің кәсіби өсуіне жағдай жасап қана қоймай, мектептердің білім беру сапасын тікелей жақсартуға ықпал етеді. Министр кадрлық әлеуетті күшейту мен әдістемелік қызметке білікті мамандарды тартудың маңыздылығына тоқталды.
Шымкенттік педагогтер де бұл секцияда өз ойларын ортаға салып, қаладағы әдістемелік кабинеттердің жұмысын жетілдіру жолдарын ұсынды. Олар цифрлық ресурстарды тиімді қолдану, жасанды интеллект негізіндегі оқыту құралдарын енгізу және мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдаудың жаңа үлгілері туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Секция барысында қатысушылар әдістемелік қызметті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін талқылап, мұғалімдерді қолдау экожүйесін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Оқыту сапасын арттырудағы әдістемелік орталықтардың рөліне байланысты пікірталастар өтті. PISA зерттеулерінің деректерін басқарушылық шешім қабылдауда қолдану, өңірлік жетістіктерді тарату және «Ұлттық сарапшы» жобасын жүзеге асыру тетіктері де күн тәртібінде болды.
Бағдарламаның екінші бөлігі кейс-сессиялар форматында өтті. Онда аймақтық көшбасшылық пен стратегиялық басқару тәжірибелері, табысты білім беру ортасын қалыптастырудағы мектеп басшылығының рөлі және әдістемелік орталықтардың аймақ дамуының драйвері ретіндегі маңызы талданды.
Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 20 облыстық және қалалық әдістемелік орталық, сондай-ақ 205 аудандық кабинет жұмыс істейді. Онда 3 мыңнан астам әдіскер қызмет атқарады. 2019 жылдан бері Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы бұл құрылымдармен бірлесе жұмыс істеп, мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламаларын әзірлеу, әдістемелік ұсынымдар дайындау және инновациялық жобаларды енгізу ісіне тікелей атсалысып келеді.
Шымкент қаласының ұстаздары үшін бұл жиын тәжірибе алмасу мен жаңа бағыттарды анықтаудың тиімді алаңына айналды. Олар жаңа оқу жылына тың серпін беретін бастамаларды қолдап, әдістемелік қызметті жетілдірудің нақты жолдарын белгіледі.