2025-10-12 18:31:39
18.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: жарты миллионнан астам бала балабақшаларға ваучер алды

Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру саласына жаңа серпін берген ваучерлік қаржыландыру жүйесі Шымкент қаласында да белсенді түрде енгізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылдан бастап бастау алған бұл жоба мектепке дейінгі ұйымдарға қолжетімділікті арттыруды, ата-аналарға таңдау еркіндігін беруді және балабақшалар арасындағы әділ бәсекелестікті дамытуды көздейді.

Қазіргі таңда ел көлемінде 4,7 мыңнан астам балабақша осы жүйеге қосылып, 500 мыңнан астам бала орын алған. Республикалық маңызы бар қалалардың ішінде Шымкент ерекше белсенділік танытып отыр. Қалалық білім басқармасының дерегінше, жаңа жүйе енгізілгеннен кейін ата-аналардың өтініштерін қабылдау үдерісі жеңілдеп, балабақша кезегі екі есеге қысқарған.

Ваучерлік жүйенің басты артықшылығы – «ақша балаға беріледі» қағидасы. Яғни мемлекет қаражаты тікелей баланың баруына байланысты бөлінеді. Ата-ана таңдап берген балабақшаға қаражат тек бала нақты барғаннан кейін ғана аударылады. Бұл қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.

Ата-аналар үшін тағы бір маңызды мүмкіндік – өз қалауынша мемлекеттік немесе жеке балабақшаны таңдау еркіндігі. Бұл өз кезегінде балабақшалар арасында сапаға негізделген бәсекелестік қалыптастырады. Жеке сектордың белсенді араласуы қосымша орындардың ашылуына ықпал етіп, қаладағы жүктемені азайтуда.

Жүйе толықтай цифрлық форматта жұмыс істейді. «Ата-ана кабинеті» платформасы арқылы өтінім беруден бастап орын тағайындауға дейінгі барлық процесс онлайн жүргізіледі. Мұнда кезек нөмірін, шартты, төлемдер мен қатысу журналын көруге болады. Балабақшалардың жұмыс сапасы мен қауіпсіздігі бірізді стандарт бойынша бағаланып, лицензиялық талаптар, санитарлық нормалар және бейнебақылау жүйелері тексеріледі.

Сонымен қатар ата-аналардың пікірлері де басты назарда. Арнайы рейтинг енгізіліп, тәуелсіз аудит жүргізіледі. Шағымдар мен ұсыныстар 111 call-орталығы және чат-бот арқылы қабылданады. Ауылдық аумақтарда мобильді кеңес беру пункттері ашылып, ерекше білімді қажет ететін балаларға инклюзивті топтар ұйымдастырылуда.

Шымкентте ваучерлік қаржыландыру жүйесі ата-аналардың сенімін ақтап, мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болып отыр. 2025 жылдың соңына қарай барлық мектепке дейінгі ұйымдар осы жүйеге толық көшеді деп жоспарлануда. Бұл балалардың тең мүмкіндікпен білім алуына жол ашып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР