2025-10-12 16:20:09
22.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМКЕНТТЕ МЕКТЕПТІК ТАМАҚТАНУ ЖАҢА ҰЛТТЫҚ СТАНДАРТ БОЙЫНША ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Шымкент қаласындағы барлық мектептерде оқушыларға арналған тамақтану жүйесі бірыңғай ұлттық стандартқа сай енгізілді. Бұл жаңа ереже Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде Қазақ тағамтану академиясы, сондай-ақ ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен дайындалды.

Жаңа стандартқа сәйкес, мектеп асханаларында зиянды өнімдерге тыйым салынды. Енді оқушыларға колбаса, фастфуд, құрамында қант қосылған шырындар, маргарин және консервіленген тағамдар ұсынылмайды. Оның орнына мәзірге көкөністер мен жеміс-жидектер, дәнді дақылдардан дайындалған тағамдар, сүт пен қышқыл сүт өнімдері көбірек енгізілді. Мәзір маусымға қарай өзгеріп отырады және әр төрт апта сайын жаңартылып, міндетті түрде денсаулық сақтау органдарымен келісіліп бекітіледі.

Шағын жинақты мектептерде оқушылар үшін арнайы ланч-бокстар дайындалады. Оның құрамына ыстық сэндвич, сүт өнімі, жеміс пен пайдалы сусын кіреді. Бұл балаларға күні бойы энергия беріп, оқу үлгерімін арттыруға ықпал етеді.

Қант диабеті, аллергиясы немесе басқа да денсаулық ерекшелігі бар балаларға арналған жеке мәзір әзірленді. Сонымен қатар жаңа жүйеде «индекс несъедаемости» енгізілген: егер дайындалған тамақтың 30%-дан астамы оқушылар тарапынан тұтынылмай қалса, мәзір бірден қайта қаралады. Бұл асханалардағы тамақтың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Шымкент мектептерінде әр тағамға калория мөлшері, ақуыз, май, көмірсу, дәрумен мен минералдар көрсеткіші тіркеліп беріледі. Бір тағамды бірнеше күн қатарынан қайталауға қатаң тыйым салынған. Әрбір білім беру ұйымында арнайы бракераждық комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына мектеп әкімшілігі, медицина қызметкерлері және ата-аналар кіреді. Олар күн сайын тағам сапасын тексеріп, балалардың тамақтануына толық бақылау жасайды.

Мектеп медбикелері де күнделікті органолептикалық тексеру жүргізіп, ас мәзірінің сапасын арнайы журналға тіркеп отырады. Ал тағамды дайындау мен жеткізу барысын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бақылайды.

Шымкенттегі мамандардың айтуынша, жаңа ұлттық стандарттың басты мақсаты – балалардың денсаулығын қорғау және артық салмақтың алдын алу. Қазір әр бесінші оқушының артық салмағы бар, сондықтан тұз бен қантты азайту аса маңызды. Қазақ тағамтану академиясының есебі бойынша, жаңа ережелер балалар арасындағы семіздікті 10–15%-ға, диабет қаупін 20%-ға, ал гипертонияны 18%-ға дейін төмендетеді.

Жаңа стандарт мегаполистегі ондаған мың оқушыны қамтып отыр. Асханаларда енді ата-аналардың сенімі мен қоғамдық бақылау күшейді, тағам сапасы туралы ақпарат ашық жарияланып отыр. Бұл қадам балалардың дұрыс тамақтануына жағдай жасап қана қоймай, болашақта салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР