Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және ерекше санаттағы оқушылар толық көлемде «Всеобуч» қоры арқылы көмекке ие болды. Қалалық білім басқармасының дерегінше, ата-аналар мен заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасын, аяқ киімін және оқу-құралдарын сатып алуға қаражат аударылды.
Бұл қолдау шарасы мегаполистегі 20 мыңнан астам баланы қамтып отыр. Олардың қатарында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған оқушылар бар.
Биылғы жылы әрбір балаға бөлінген қаржының ең төменгі мөлшері – 46 228 теңге. Бұл сома оқушыны жаңа оқу жылына қажетті ең басты жабдықтармен қамтамасыз етуге жеткілікті. Сонымен бірге, қалалық мәслихаттың шешімімен қосымша қаражат қарастырылып, кейбір отбасыларға қосымша қолдау көрсетілуде.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2023 жылы бұл көмек 17 мың теңге көлемінде болса, бүгінде көрсеткіш 2,5 есеге өсіп, 46 мың теңгеден асты. Бұл – балалардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған нақты мемлекеттік саясаттың көрінісі.
Көмек ата-аналарға қолма-қол берілмей, тек банктік шотқа аударылады. Өтінім беру рәсімі де жеңілдетілген: мектеп арқылы немесе онлайн түрде рәсімдеуге болады. Қаражаттың дұрыс пайдаланылуын қадағалау үшін ата-аналар сатып алынған заттарға чек тапсырады, ал мектеп пен аудандық комиссиялар толық бақылау жүргізеді.
Шымкентте материалдық қолдаумен қатар заттай көмек те көрсетілуде. Әсіресе бірінші сыныпқа баратын балаларға дайын мектеп формасы мен кеңсе тауарларының жинағы беріледі. Сондай-ақ ата-аналарға арналған кеңес беру желісі жұмыс істеп тұр.
«Всеобуч» қоры жыл сайын балаларды жаңа оқу жылына дайындауға мүмкіндік беріп, ата-аналардың әлеуметтік жүгін жеңілдетуде. Бұл бастама әрбір балаға мектепке тең дәрежеде баруға жағдай жасап, қоғамдағы әділеттілік қағидатын нығайтады.