Шымкент қаласының білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылы қарсаңында шаһардағы барлық мектептер қажетті оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен толық қамтамасыз етілді. Қалаға тиесілі оқу орындарына оқулықтарды жеткізу жұмыстары 100 пайыз аяқталды.
Биылғы жылы 7, 8, 10 және 11-сыныптарға арналған қайта басылған оқулықтар сатып алынып, таратылды. Сонымен бірге, бастауыш сыныптар үшін жаңа басылымдар енгізілді. Атап айтқанда, 4-сыныпқа арналған «Русский язык» (қазақ тілінде оқытатын сыныптарға), шетел тілдері (ағылшын, неміс, француз), «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Цифрлық сауаттылық» және «Жаратылыстану» (қазақ және орыс тілдерінде) оқулықтары мектептерге жеткізілді.
Сонымен қатар, 3-сынып үшін ұйғыр және өзбек тілдеріндегі оқулықтар дайындалды. Бұл қаладағы этникалық топтардың ана тілінде білім алуына мүмкіндік береді.
Шымкентте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да айрықша көңіл бөлінген. Көру қабілеті бұзылған оқушыларға арналған арнайы басылымдар жарық көрді. Олардың қатарында «Қазақ тілі» (1–3 сыныптар), «Жаратылыстану» (1–4 сыныптар), «Русский язык» (2–4 сыныптар), «Дүниетану» (2–3 сыныптар), сондай-ақ «Химия» мен «Биология» (7–10 сыныптар, қазақ және орыс тілдерінде) бар.
Орта және жоғары сыныптар үшін де жаңартылған оқулықтар жеткізілді. 7-сынып оқушылары қазақ әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті (орыс тілінде оқытатын сыныптарға), орыс тілі мен әдебиеті бойынша жаңа кітаптармен қамтылды. Сонымен бірге алгебра, геометрия, ағылшын тілі, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және бейнелеу еңбегі пәндерінің оқулықтары жаңартылды.
Бұған қоса, 7–8 сыныптарға арналған «Қазақстан географиясы», 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы», 10–11 сыныптарға «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық», сондай-ақ 11-сыныпқа «Құқық негіздері» пәндерінің оқулықтары қайта басылып, мектептерге жеткізілді.
Шымкент қаласының білім саласы өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар үш ауысымды оқуды жоюмен қатар, сапалы білім беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа оқулықтар мұғалімдерге де, оқушыларға да тиімді әдістемелік қолдау көрсетпек.