2025-09-17 10:34:41
17.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Qazaq Digital mektebi» жобасы барлық өңірлерге енгізіліп жатыр – Ғани Бейсембаев

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды. Онда ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, «Келешек мектептері» Ұлттық жоба аясында 217 мектеп құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 2024 жылы 105 мектеп салынды, ал 2025 жылы – 60 мектеп. Биыл жыл соңына дейін 52 мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Соның ішінде қазан айында 8, қараша айында 16, желтоқсан айында 28 мектеп тапсырылмақ.

«Айта кету қажет, «Келешек мектептері» жобасы бойынша мектептердің құрылысын жүргізу жауапкершілігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына және әкімдіктерге жүктелген. Құрылыс барысы арнайы жүйе арқылы бақыланады», — деді министр.

Жасанды интеллект 1–11-сыныптарға арналған «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне енгізілді. 160 мың педагог арнайы курстардан өтті, оқушыларға арналған «Day of AI» онлайн-курсы іске қосылды. Жасанды интеллект «Келешек мектептері» мен Астана қаласының мектептерінде пилоттық режимде енгізілуде. Сонымен қатар этикалық стандарттар әзірленіп, мектептер әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілді.

Әрі қарай 2025–2029 жылдарға арналған білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негіздерін бекіту, жасанды интеллект ресурстарын әзірлеу, «AI-Ұстаз» медиа-жобасын жүзеге асыру, жасанды интеллект сауаттылығын бағалаудың ұлттық құралы мен үш деңгейлі курстар арқылы педагогтарды даярлау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ шағын жинақты мектеп үлгісі – «Qazaq Digital mektebi» жобасы әзірленді. Бұл жоба білім беру инфрақұрылымын, кадрлық әлеуетті және оқыту әдістемелерін жаңғыртуға бағытталған.

«Аталған бағытта Ақтөбе облысында іске асырылған пилоттық жоба негізге алынды. Қазіргі уақытта жоба еліміздің барлық өңіріне енгізіліп жатыр. Басты мақсат – оқушылардың танымдық қызығушылығы мен үлгерімін арттыру. Сонымен қатар қашықтан оқытуды жүзеге асыру барысында жасанды интеллектіні сабақ жоспарын құруда, жекелеген оқыту үдерісінде және бағалауда қолдану жоспарланып отыр», — деп түйіндеді баяндамасын Ғани Бейсембаев.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР