2025 жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Заң саласының терминдері» республикалық байқауының қорытындысы шығарылып, үздік қатысушылар марапатталды.
Төрт кезеңнен тұратын байқау 15 сәуір мен 25 маусым аралығында онлайн форматта өтті. Жоба аясында заң саласындағы терминдердің мемлекеттік тілдегі қолданысын жүйелендіру, шет тілінен енген ұғымдарға сәтті қазақша балама ұсыну және кәсіби терминшілердің жаңа буынын қалыптастыру міндеттері қойылды.
Байқауға қатысушылар termincom.kz алаңындағы пікірталастарға қатысып, шет тілдеріндегі терминдерге балама ұсынды, заң саласындағы өзекті терминдерге бейнеролик әзірледі және ғылыми еңбектердегі терминдердің қолданысына талдау жасады. Байқау қорытындысы бойынша 9 қатысушы жүлделі орындарға ие болды.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, қоғам қайраткері Әлихан Байменов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ, сондай-ақ «Тіл-Қазына» орталығының Бас директоры Мақпал Жұмабай жеңімпаздарды құттықтап, байқаудың заң саласы терминологиясын дамытуға, ұлттық терминқорды толықтыруға және осы бағыттағы ғылыми ізденістерді қолдауға жол ашқанын атап өтті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде Мақсұт Нәрікбаев университетінің студенті Исмаил Шұғыла Ұланқызына табысталды. Бірінші орынды Астана қаласы Полиция басқармасының аға тергеушісі, полиция майоры Сатыбалдиева Арайлым Есенгелдіқызына иеленді. Екінші орын да Мақсұт Нәрікбаев университетінің студенті Шеркешбаева Ділназ Қуандыққызына берілді. Үшінші орынға Қызылорда қаласының мұғалімі Аймыратова Гайнегүл Абдижанқызы мен жоғарыда аталған университет студенті Жолдас Кенжегүл Міржақыпқызы лайық деп танылды.
Ынталандыру сыйлықтарына Ирсалиева Илмира Бахадирқызы, Қожамұрат Дархан Асхатұлы, Қабылжанова Гүлнар Түсіпханқызы және Қахарман Диана Нұржанқызы ие болды.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.