2025-10-13 18:52:24
21.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Жаңа оқу жылында мектептерге жасанды интеллект және жаңа тәрбие бағдарламасы енгізілді

2025–2026 оқу жылы қазақстандық мектептер үшін бірқатар маңызды өзгерістермен басталды. Бұл жаңашылдықтар білім беру мазмұнын жаңғыртуды, тәрбиелік бағытты күшейтуді және әлеуметтік қолдауды қамтиды.

Биылдан бастап 1–11 сынып оқушыларына жасанды интеллект негіздері оқытылады. Мақсат – балаларды ЖИ технологияларын сауатты басқаруға және тиімді қолдануға үйрету. Бағдарлама оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бейімделіп енгізіледі. Сондай-ақ ЖИ қолдану этикасын түсіндіретін интерактивті «Day of AI» онлайн курсы барлық оқушы үшін қолжетімді болады.

10–11 сынып оқушыларына бастапқы кәсіби біліктілік беретін ерте бейіндік бағдарлау енгізілді. Ал Келешек мектептерінде кәсіби бағдар 7-сыныптан басталады. Бұл үшін «Маман» атты арнайы онлайн-платформа әзірленіп жатыр. Жаңа жүйе әр оқушының қызығушылығы мен қабілетін ескеріп, бағыт беруге мүмкіндік жасайды.

Меншік нысанына қарамастан, барлық білім беру ұйымдарына «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама биыл жалпыұлттық құндылықтар мен Абай философиясы негізінде қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар мектептердің бірыңғай визуалды ортасын қалыптастыру үшін брендбук пен дизайн-код енгізілуде.

Мектептер мен колледждерде буллингтің алдын алу үшін «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылды. Оқушылардың ыстық тамағы ваучерлік жүйе арқылы «Әлеуметтік әмиян» негізінде төленеді. 2025 жылдың соңына дейін балалардың мүддесін басты назарға алатын «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданбақ.

Министрлік жаңашылдықтардың орындалуын дашборд арқылы бақылап, ата-аналар үшін «Ата-ана кабинеті» мен жедел желіні іске қосты. Әр мектепте ЖИ-координатор тағайындалады, мұғалімдерге үш деңгейлі оқу курстары ұсынылады. Қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау талаптары күшейтіліп, академиялық адалдық ережелері жаңартылды. Пилот қорытындылары негізінде элективтер кеңейтіледі, үздік практикалар республика бойынша таратылады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР