2025 жылғы 15–20 тамыз аралығында Сербияның Белград қаласында алғаш рет Географиядан халықаралық жасөспірімдер олимпиадасы (IJGO) өтуде. Олимпиада 12–15 жас аралығындағы дарынды оқушыларға арналған және әлемнің түкпір-түкпіріндегі жас географтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазақстан ұлттық құрамасы олимпиадаға аттанды. Құрамаға Астана, Алматы, Жетісу және Қарағанды мектептерінің оқушылары енді. Қатысушылар: Арсен Даулетов (Riviera International School, Астана), Мансур Бекбаев (РФММ, Алматы), Нұрахмет Ниязбек (БИЛ, Алматы), Дарын Бекбол (№24 мамандандырылған мектеп, Талдықорған), Арнұр Сарыбай (РФММ, Алматы), Ерлан Ерік (БИЛ, Алматы), Сырым Амантай (Н. Нұрмақов атындағы мектеп-лицейі, Қарағанды), Ануар Габдуллин (РФММ, Алматы).
Команда жетекшісі — халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері Дүйсен Абай. Қазақстандық оқушылар халықаралық аренада өздерін танытып үлгерді: биыл ұлттық құрама Халықаралық география олимпиадасында (iGeo) 2-орын алды.
Жас географтарымызға сәттілік және әлемдік аренада жаңа жеңістер тілейміз!
Олимпиада бағдарламасына үш негізгі кезең кіреді: теориялық тур (картография, физикалық және экономикалық географиядан есептер), қолданбалы тапсырмалар (ГИС, деректерді талдау, климат және урбанизация бойынша кейс), сондай-ақ командалық жоба. Қатысушылар жер бедері мен жерқолданысын сипаттайтын карталар құрастырып, далалық бақылау материалдарына сүйеніп шешім ұсынады. Ұлттық құрама жазда оқу-жаттығу жиындарында спутниктік суреттерді оқу, компас пен нивелирді қолдану дағдысын пысықтады; байқаудан кейін үздік жұмыстар мектептерге әдістемелік ресурс ретінде таратылады.