2024–2025 оқу жылында педагогтерді аттестаттау процесі алғаш рет «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы толықтай цифрлық форматта жүргізілуде. Платформада мұғалімге қатысты мәліметтер бірнеше мемлекеттік дерекқордан автоматты түрде алынады. Қызмет орны, еңбек өтілі, білім деңгейі мен жетістіктері бір жүйеге жинақталған. Цифрлық формат қағазбастылықты жойып, аттестаттаудың әділ әрі ашық өтуіне мүмкіндік берді.
Ұстаздың педагогикалық шеберлігі туралы деректерді қадағалаушы мамандар бақылау парақтарын толырып, оны педагогтің жеке профиліне жүктейді. Әр маман сабақ қорытындысын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растап, педагог еңбегіне әділ баға береді. Ал білім сапасы, кәсіби жетістіктер мен белсенділік бойынша деректер әзірге арнайы модуль арқылы қолмен енгізілуде.
Бүгінде платформада мектепке дейінгі, жалпы орта, арнайы, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 635 мыңнан астам педагог тіркелген. Олардың ішінде 94 мыңнан астамы «Педагог-модератор» және «Педагог-сарапшы» санаттары бойынша жүйе арқылы аттестациядан өтуде.
Бүгінде 66 мыңға (71%) жуық мұғалімнің аттестация қорытындысы шықты. Алдағы уақытта өзге де біліктілік санаттары қамтылып, цифрлық платформа аясы кезең-кезеңімен кеңейтіледі.
Қосымша мүмкіндіктері де енгізілуде: e-портфолио бір терезеде сертификаттар мен курстарды автоматты тануға бейімделіп, «Педагог-зерттеуші» және «Педагог-шебер» санаттарына өтінім беру сценарийлері іске қосылады. Деректердің қауіпсіздігі рөлдік қолжеткізу және аудит журналдарымен қорғалады, апелляция модулі шешімге шағым түсіруді онлайн жүргізуге мүмкіндік береді. Пайдаланушыға ыңғайлы нұсқаулықтар, вебинарлар мен қолдау чаты ашылды, ал өңірлік дашбордтар аттестаттау динамикасын, пәндер мен санаттар кесіміндегі олқылықтарды талдап, кадрлық жоспарлауды дерекке негіздеп жүргізуге жол ашады.