Бүгін Шымкент қаласында ұстаздар қауымының дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы алқалы жиынға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, министрлік пен қала әкімдігі басшылары, құқық қорғау органдарының жетекшілері, аудан әкімдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, мектеп директорлары мен мұғалімдер қатысты.
Конференция аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, «Келешек» мектептерінің оқушылары ғылыми жобалары мен жетістіктерін көпшілікке ұсынды. Жас өнертапқыштардың робототехника және STEM бағытындағы бұйымдары, қолөнер туындылары қатысушылардың зор қызығушылығын тудырды.
Жиында сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұстаздарды жаңа 2025–2026 оқу жылының басталуымен құттықтап, Мемлекет басшысының білім беру саласына жасаған қолдауы арқасында жүзеге асқан іргелі істерге тоқталды. Сонымен бірге педагогтерге жүктелер жаңа міндеттерді нақтылап берді.
Өз кезегінде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа оқу жылы – тек ұстаздар үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы екі жылда қалада 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ұлттық жоба аясында тағы 12 мектеп салынды. Алдағы екі жылда 37 жаңа білім ордасы бой көтереді.
Қалада білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. 2020 жылдан бері аз қамтылған отбасылардың балалары мектеп формасымен толық қамтамасыз етіліп келеді.
Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова биылғы оқу жылында 28 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайтынын және жаңа оқу жылына қажетті оқулықтардың толық жеткізілгенін атап өтті.
Сонымен қатар балабақшаларда әлеуметтік жағдайы төмен балаларға тегін орындар қарастырылған. Ал жоғары оқу орындарында еңбек нарығына қажетті мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны артып, соңғы екі жылда 285 студент тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Жиын соңында ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан сала үздіктері марапатталды.