2025-08-17 20:39:04
27.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Келешек мектептері» жобасы: Шымкентте білім сапасы мен қауіпсіздігі күшейді

2022 жылы апатты, 2023 жылы үш ауысымды мектептер мәселесі шаһарда толығымен шешілді. Білім ошақтарының құрылысы демографиялық өсімге сай жүргізіліп жатыр. Қалада 18 «Жайлы мектеп» салу жоспарланса, соның он екісі соғылып, пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылында тағы бір «Жайлы мектеп» ашылады. Бұл бала саны тығыз орналасқан білім ошақтарындағы проблеманы шешуге септігін тигізеді. Айта кеткен жөн, бастапқыда қабылданған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы биылғы маусым айында атауын өзгертіп, «Келешек мектептеріне» айналды.

Г.Дәрібаева «Келешек мектептеріне» арналып оқыту бағдарламасы түзілетінін, жай мектепке қарағанда, білім беру әдістемесі өзгеше болатынын жеткізді. Әзірге екі білім ошағының оқыту бағдарламасында ешқандай өзгеріс жоқ. «Келешек мектептеріне» қойылатын басты талап – ұстаздардың жоғары біліктілігі мен оқушылардың сабақ үлгерімінің жақсы болуы. Өткен жылы ашылған екі «Келешек мектебіне» оқушылар мен ұстаздар жақын орналасқан білім ошақтарынан ауысу тәртібі бойынша қабылданды. Алайда Г.Дәрібаева тәжірибеде бұл әдіс дұрыс болмағанын атап өтті. Осыған байланысты 2025 жылы пайдалануға берілген жаңа «Келешек мектептеріне» оқушылар ата-аналардың өтінішімен қабылданса, ұстаздар конкурс негізінде жұмысқа орналасты. Бұл білікті мұғалімдердің конкурс арқылы іріктеліп алынуына, кез келген ата-ананың баласын «Келешек мектебінде» оқытуына мүмкіндік берді.

Қала әкімдігі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға кейінгі жылдарда өте қатты көңіл бөлді. Соның нәтижесінде Шымкенттің білім ошақтары басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді дейді маман. Көптеген кабинет жабдықталды. Роботтехникаға арналған қосымша кабинеттер пайда болды. Шымкентте алғаш рет №137 мектептің кіреберіс залының қабырғасы заманауи үлгіде әрленді. Соған орай барлық білім ошағының қабырғалары осы үлгі бойынша сәнделді. Оған мысал ретінде қазақтың ақын-жазушылары мен оқымыстыларының қабырғадағы портреттерін, олардың нақыл сөздерін келтіруге болады. Сонымен бірге Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес кабинеттер зертханалық құрал-жабдықтармен толық жабдықталды.

Г.Дәрібаева атап өткендей, мектептердің қауіпсіздік мәселесіне басқарма ерекше ден қояды. Өйткені бала қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында тұруға тиіс. Ата-аналарды алаңдататын да осы жағдай. Сондықтан мектептерде толықтай турникеттер орнатылған. Дабыл батырмалары іске қосулы. Бақылау камералары жұмыс істеп тұр. Ол полиция департаментіндегі жедел басқару қызметіне қосылған.

Басқарма тарапынан мемлекеттік мектептердің қауіпсіздік мәселесі толықтай шешілген. Жекеменшік мектептерде ішінара атқарылатын жұмыстар бар. Әкімдік қауіпсіздік мәселесі жөнінде оларға тиісті талаптар қойып, оның орындалуын күтіп отыр. Сондай-ақ Шымкент мектептері І санатты күзет қызметімен қамтамасыз етілген. Егер бір жағдай орын алса дереу құқық қорғау органдарына хабар түсіп, олар оқиға орнына едел-жедел жетіп келеді.

Дерек көзі: egemen.kz

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР