2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады.
Комиссия құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар, бiлiм саласы кәсiподақтарының, «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының, жоғары оқу орындары қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды. Комиссия отырыстарында үміткерлердің өтініштері қаралып, мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу қолданыстағы ережелер негізінде конкурс тәртібімен жүзеге асырылды. Сапалы және қажырлы қызметі үшін комиссия мүшелеріне шексіз алғысымды білдіремін!
Биылғы жылы конкурсқа қатысу үшін шамамен 113 мың өтініш қабылданды. Талапкерлер арасында ең сұранысқа ие білім беру бағыттары – «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», сондай-ақ «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар».
Грант тағайындау конкурсының нәтижелері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының ресми ақпараттық көздерінде және әлеуметтік желілерінде жарияланады.
Жоғары оқу орындарына талапкерлерді қабылдау процесі 2025 жылғы 25 тамызға дейін аяқталады.
Сонымен қатар, министрлік талапкерлерге құжаттарды уақытылы тапсырудың маңыздылығын ескертеді, себебі бұл оқу процесінің ұйымдасқан түрде басталуына және студенттердің бейімделу кезеңін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік грантқа ие болу – талапкердің еңбегінің және білімге деген ынтасының нәтижесі. Сол себепті грант иегерлеріне жаңа ортада белсенділік танытып, ғылыми-зерттеу, мәдени және қоғамдық өмірге араласу ұсынылады. Бұл олардың кәсіби дамуына, болашақ мансабына және елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосады.