2025 жылғы 21–23 шілде аралығында Ақмола облысындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының филиалында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің республикалық слеті өтуде.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен, “Жұмысшы мамандықтар” жылы аясында ұйымдастырылған шараға Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздік 5 студенті қатысып, өңір намысын қорғап жатыр. Олар түрлі форматтағы белсенді жұмыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, өз білімдері мен тәжірибелерін арттыруда.
Слеттің негізгі мақсаты — жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыру, жастардың көшбасшылық қабілеттері мен кәсіби дағдыларын дамыту.
Іс-шара барысында:
— еңбек нарығындағы өзекті мәселелер талқыланды,
— мансаптық өсу мен кәсіптік бағдар берудің жаңа мүмкіндіктері ұсынылды,
— мотивациялық кездесулер, шеберлік сабақтар, тәжірибелік сессиялар мен командалық белсенділіктер ұйымдастырылды.
Бұл – жастар үшін үлкен тәжірибе алаңы әрі келешек жұмысшы мамандардың кәсіби және тұлғалық дамуына жол ашатын маңызды мүмкіндік.
Слетке қатысушылар тек теориялық біліммен шектелмей, тәжірибелік дағдыларын да шыңдауда. Олар үшін арнайы ұйымдастырылған симуляциялық жаттығулар мен кәсіби тапсырмалар арқылы әрбір студент өз білімін нақты өндірістік жағдайда сынап көрді. Бұл – жастардың өз мамандығына деген қызығушылығын арттырып, болашақ еңбек жолына сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.
Шымкент қаласынан барған делегация мүшелері өз жобаларын жоғары деңгейде қорғап, белсенділігімен көзге түсті. Олар жұмысшы мамандықтарының заман талабына сай бейімделіп жатқанын дәлелдеп, жаңа буын шеберлерінің кәсіби дайындығы жоғары екенін көрсетті. Осы арқылы қаланың білім беру жүйесінің сапасы мен әлеуеті республика көлемінде тағы бір мәрте танылды.
Жастардың білімін, біліктілігін және көшбасшылық қасиеттерін арттыруды көздеген бұл республикалық шара – техникалық және кәсіптік білімнің тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Осындай ауқымды бастамалар арқылы мемлекетіміз кәсіби кадрлар даярлау ісін жаңа деңгейге көтеріп, жастарды ел игілігіне еңбек етуге ынталандырып отыр.