2025-08-21 17:59:55
34.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкенттік жас құтқарушылар – халықаралық слетте үздік үштікте

Беларусь Республикасының Минск облысындағы «Зубренок» ұлттық балалар білім беру сауықтыру орталығында жас өрт сөндіруші-құтқарушылардың XVIII халықаралық слеті өтті. Ауқымды додаға Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің командалары қатысты.

Қазақстан Республикасының атынан қатысқан Шымкент қаласының «Жас құтқарушылар» командасы сайыста ерекше көзге түсіп, мықты дайындықтарын, ширақ қимылдарын және ұйымшылдықтарын паш етті. Нәтижесінде олар жалпыкомандалық есепте жүлделі III орынды иеленіп, еліміздің мерейін үстем етті.

Шымкент қаласының жас құтқарушыларының бұл жетістігі — жас ұрпақтың ерлікке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке ұмтылысының айқын көрінісі. Олар өз табыстарымен жасөспірімдерге үлгі болып, қаламыздың абыройын халықаралық деңгейде асқақтатып қайтты.

Слет барысында командалар бірқатар бағыт бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, спорттық-құтқару эстафетасы, кедергілерден өту, карта бойынша бағыт табу, өрт қауіпсіздігі шаралары және алғашқы көмек көрсету секілді сынақтардан өтті. Әр тапсырма жоғары дәлдікті, шапшаңдықты және командалық үйлесімді талап етті. Шымкенттік өрендер осы бағыттар бойынша үздіктер қатарынан көрініп, әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Айта кетейік, халықаралық слетті ұйымдастырудағы басты мақсат – жас ұрпақ арасында төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет етуді үйрету, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, өзара достық пен халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Осындай шаралар арқылы жасөспірімдер тек білім алып қана қоймай, сонымен қатар рухани, әлеуметтік тұрғыда да өсіп, елінің нағыз патриоты болып қалыптасады.

Жарыс соңында жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен медальдар табысталып, қатысушылар үшін концерттік бағдарлама және достық кештері ұйымдастырылды. Шымкент қаласының білім басқармасы жас құтқарушылардың жетістігіне жоғары баға беріп, келешекте де мұндай жобаларды қолдайтынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР