Шымкент қаласынан магистратураға түсуді көздейтін жүздеген талапкер 21 шілдеден бері Ұлттық тестілеу орталығы ұйымдастырған кешенді тестілеуге қатысып жатыр. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, Шымкенттегі негізгі тестілеу пункті – ОҚМУ және ОҚМПУ базасында ұйымдастырылған. Талапкерлердің тестілеу барысы бейнебақылау арқылы бақылануда, ереже бұзу деректері тіркелген жоқ.
Сонымен қатар, апелляция беру тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандардың айтуынша, Шымкенттен 1000-нан астам талапкер магистратура грантына үміткер.
Айта кетейік, тестілеу басталғалы елімізде 22 мыңға жуық адам магистратураға түсу үшін КТ тапсырды. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша түсушілердің 50%-ы, бейінді бағыт бойынша 22%-ы шекті балл жинады. Ғылыми- педагогикалық бағыт бойынша орташа көрсеткіш 77 балды, бейінді бағыт бойынша 24 балл болды. Ең жоғары балл – 139.
Тестілеу басталғалы 54 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 32 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 21 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Тестілеуге кіргізу барысында 1 бөгде адамның тестілеуге кіру әрекеті анықталды.
Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляцияға беру мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде оқуға түсуші бірден апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция жеті жұмыс күні ішінде қаралады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет.
Естеріңізге сала кетсек, магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 51 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Магистратурада оқуға 13 мыңнан астам грант бөлінді. Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу 21 шілдеде басталды және 7 тамызға дейін жалғасады.