Биылғы маусым айынан бастап Шымкент қаласында электрондық ваучер алуға қатысты пилоттық жоба іске қосылды. Аталған жоба бұдан өзге Астана, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында да жүзеге асырылуда.
Бұған дейін ата-аналар тарапынан кезектің ашық болмауы, қызмет сапасына бақылау жоқтығы, өтінімдердің қайталануы сияқты жүйелі мәселелер жиі көтерілген болатын. Жаңа жүйе осы олқылықтардың алдын алуға бағытталып отыр. Енді бала сабаққа нақты қатысқан жағдайда ғана қаржыландыру жүзеге асырылады. Әр сабаққа қатысу цифрлық платформада тіркеледі, ата-ана оны өз тарапынан растауға тиіс. Балалар 12 әлеуметтік санатқа бөлініп, әрқайсысы жеке кезекпен бақыланады. Бұрынғыдай бір бала жеңілдікке ие болған жағдайда, өзге ата-аналардың кезектен ығыстырылуы енді болмайды. Барлық процесс электронды түрде жүзеге асып, ата-аналар кезек барысын ашық көре алады.
Шымкент қаласында қосымша білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған пилоттық жоба аясында бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Мәселен, бұған дейін бір бала бір уақытта бірнеше үйірмеге, тіпті екі түрлі өнім жеткізушіге тіркеліп, екі түрлі ваучермен қатар қызмет алуға мүмкіндік алған. Яғни, бір бала бір мезетте екі орында есепте тұрып, мемлекеттік те, жекеменшік те орталықтардан бірдей қызмет алып жүрген.
Бұл жүйедегі ретсіздіктің айқын мысалы ретінде қалада бір баланың жеті түрлі үйірмеге қатар барып жүргені анықталған. Мұндай қайталанған тіркеулердің нәтижесінде қазір қалада 25 мың баланың қосарланған есепте тұрғаны белгілі болып отыр. Бұл жағдай бюджет қаржысының тиімді әрі әділетті жұмсалуына кері әсер етіп келіпті.
Енді бұл мәселе «Бір бала – бір ваучер – бір орын» қағидаты арқылы жүзеге асырылады. Мұндай қағида арқылы мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатты тиімді әрі ашық басқаруға жол ашылады. Сонымен қатар, әр бала нақты бір үйірмеде оқитынын әрі сол үйірмеге шын мәнінде барып жүргенін бақылауға мүмкіндік туады. Бұл – қосымша білім беру саласындағы әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды қадам.