Шымкент қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы оқушыларға қолдау көрсету мақсатында «Мектепке жол – 2025» республикалық акциясы белсенді түрде іске асырылуда. Бұл бағытта жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, демеушілер мен кәсіпкерлер де атсалысуда. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан балалардың мектепке толық дайындықпен баруын қамтамасыз ету – басты назарда. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде ата-аналардан құжаттар қабылданып, өтінімдер қаралуда.
Сондай-ақ қаладағы жекеменшік мектептерде оқитын балаларға да алғаш рет көмек беру бастамасы қолға алынды. Акция барысында оқушыларға мектеп формасы, сөмке, аяқ киім, кеңсе тауарлары мен спорттық киімдер алуға қаржылай көмек беріледі. Жергілікті әкімдік бұл шараны қатаң бақылауға алып, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге ниетті.
Айта кетейік, 2025 жылғы жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы бастау алды. Акция аясында мемлекеттік мектептерде білім алатын 56 мыңға жуық оқушыға әлеуметтік көмек көрсету жоспарланса, биыл алғаш рет жекеменшік мектеп оқушылары да осы қолдауға ие болады.
Көмек келесі санаттарға жататын отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі:
атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары;
жан басына шаққан табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар;
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен немесе шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балалары;
мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың балалары.
Оқушыларға оқу жылына қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықтар сатып алуға арналған материалдық көмек мөлшері — 46 500 теңге. Бұл қаражат мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары (дәптер, қалам, сөмке және т.б.) мен спорттық киімдерге жұмсалуы тиіс.
Ата-аналар немесе баланың заңды өкілдері тиісті құжаттарды жинақтап, білім беру ұйымына ұсыну арқылы материалдық көмекке өтініш бере алады.