Шымкент қаласындағы мектептерде 2025–2026 жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары басталып кетті. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 27546 бала қабылданады деп күтілуде. Бұл ретте мектептерде орын тапшылығын болдырмау үшін бірнеше жаңа білім ордасы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету, инклюзивті білім беру мен қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелері басты назарда.
Қала мектептері жаңа оқу жылын толыққанды бастап кетуге дайын. Оқу кабинеттері жөндеуден өткізіліп, материалдық-техникалық база жаңартылуда. Мұғалімдерге арналған әдістемелік курстар ұйымдастырылып, білім сапасын арттыруға бағытталған жоспарлар бекітілді. Сондай-ақ мектеп асханаларында санитарлық талаптарға сай жағдай жасалып, оқушыларды тегін тамақпен қамту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ каникул кезеңдерін нақтылады.
Оқу процесі 2025 жылғы 2 қыркүйекте басталып, 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады. Білім күніне арналған салтанатты жиынның уақыты мен күні мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен белгіленеді.
Бірінші тоқсанда оқу уақыты 8 апта. Күзгі каникул 2025 жылғы 27 қазанда басталып, 2 қарашаны қоса алғандағы 7 күнге созылады.
Екінші тоқсан 8 оқу аптасынан тұрады. Қысқы каникул 2025 жылғы 29 желтоқсанда басталып, 2026 жылғы 7 қаңтарды қоса алғандағы 10 күнге жалғасады.
Бірінші сынып оқушылары үшін қосымша демалыс 2026 жылғы 9 ақпаннан 15 ақпанды қоса алғандағы 7 күнді құрайды.
Үшінші тоқсан 10 оқу аптасынан тұрады. Көктемгі каникул 2026 жылғы 19 наурызда басталып, 29 наурызды қоса алғандағы 11 күнге созылады.
Төртінші тоқсанның ұзақтығы 8 оқу аптасын құрайды, оқу жылы 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады.