2025-08-21 06:09:28
19.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Қазақстанда 245 мектеп кешенді реновациядан өтуде

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымына көшуге бағытталған ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Алдағы үш жылда еліміздің барлық өңірінде 1231 мектепті жаңғырту жоспарлануда. Биылғы жылы 245 мектепте кешенді жұмыстар басталды. Оның 146-сы ауылдық жерлерде, 99-ы қалаларда, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Жоспар бойынша:

214 мектепке – күрделі жөндеу жүргізіледі;

19 мектепте – ағымдағы жөндеу;

12 мектепке – реконструкциялау жүргізіледі.

Жобаны іске асыру шамамен 100 мың оқушы үшін білім алу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жоба заманауи білім беру стандарттарына сай тоғыз негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Жаңғырту жұмыстары аясында мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу, спорт залдарын, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау және аумақтарды заманауи стандарттар бойынша абаттандыру көзделген.

Ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтып, балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан тең жағдайда білім алу және жан-жақты даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, Шымкент қаласында да осы жоба аясында бірнеше білім беру ұйымында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімдігінің мәліметінше, күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер тізімі жасақталып, арнайы сараптамалардан өтті. Қазірдің өзінде бірқатар білім ордасында құрылыс-монтаж жұмыстары басталған.

Сонымен қатар, мектептердің ішкі және сыртқы инфрақұрылымын жақсарту бағытында асхана, спортзал, кітапхана және IT-сыныптарды жаңарту қолға алынды. Шымкент қаласы әкімдігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі арасындағы келісім негізінде қала мектептері толықтай заманауи стандарттарға сәйкес жабдықталып, оқушыларға қолайлы орта құру көзделіп отыр. Мұндай кешенді реновация педагогтардың кәсіби дамуына да оң ықпал етіп, білім сапасының артуына жол ашады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР